ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДА ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

Жоғары оқу орнында оқытудың заманауи педагогикалық технологиялары - студенттерді кәсіби, тұлғалық және рухани тұрғыдан дамытуға бағытталған, ғылыми негізделген, инновациялық оқыту тәсілдерінің жиынтығы. Бұл технологиялар оқыту процесін тиімді, икемді, нәтижеге бағытталған және құндылықтық мазмұнмен ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
          Заманауи педагогикалық технологиялар — жоғары оқу орнында білім берудің мазмұнын, әдістерін, құралдарын және бағалау жүйесін жүйелі түрде ұйымдастыратын, оқытушы мен студенттің өзара әрекетін белсенді, дербес және шығармашылық негізде құратын оқыту жүйесі.
          Педагогикалық технологияның философиялық негіздері. Педагогикалық технология – бұл білім беру процесін ғылыми тұрғыдан жобалау, ұйымдастыру және нәтижесін бағалау жүйесі. Оның тиімділігі мен мазмұндық тереңдігі философиялық дүниетанымға тікелей байланысты. Философия педагогикалық технологияның мағынасын, мақсатын, құндылықтық бағдарын және адамға деген көзқарасын анықтайды. Философиялық негіздердің мәні- педагогикалық технологияның дүниетанымдық, аксиологиялық, антропологиялық және әдіснамалық тірегі болып табылады. Олар білім беру процесінің терең мағыналық құрылымын қалыптастырады және оқыту мен тәрбиелеудің рухани-мәдени мазмұнын айқындайды. Антропологиялық тұрғыдан педагогикалық технология адамды – білім беру процесінің орталығы ретінде қарастырады. Бұл бағытта оқытудың мақсаты – тұлғаны жан-жақты дамыту, оның қабілеттерін ашу, рухани және әлеуметтік тұрғыдан кемелдендіру. Технология осы дамуға жағдай жасайтын құрал ретінде қарастырылады. Гуманистік философия оқушының еркіндігіне, шығармашылығына, өзін-өзі жүзеге асыруына басымдық береді. Педагогикалық технология осы құндылықтарды жүзеге асыруға бағытталған. Мұнда оқытушы – бағыттаушы, ал оқушы – белсенді субъект. Гуманистік негіз технологияны тұлғалық-бағдарлы оқытуға бейімдейді. Аксиологиялық негізде – құндылықтар туралы ілім. Педагогикалық технология аксиологиялық тұрғыдан білімді тек ақпарат емес, рухани және мәдени құндылық ретінде қарастырады. Оқыту мазмұны, әдістері және нәтижелері осы құндылықтарға сәйкес құрылуы тиіс. Бұл негіз білім беру процесінің мағыналылығын арттырады. Экзистенциализм оқыту мен тәрбиенің мағынасына, таңдау еркіндігіне және жауапкершілікке мән береді. Педагогикалық технология осы философиялық бағыт арқылы оқушының ішкі әлеміне, өмірлік ұстанымдарына және болашаққа деген көзқарасына әсер етеді. Бұл технологияны терең рефлексияға, дербес шешім қабылдауға бағыттайды. Прагматизм технологияны нақты нәтиже мен тиімділікке бағытталған құрал ретінде қарастырады. Ал конструктивизм білім алушыны өз білімін өзі құрастыратын субъект ретінде таниды. Бұл бағыттар технологияны икемді, бейімделгіш және тәжірибеге негізделген етіп жобалауға мүмкіндік береді.
         Қазақ философиясының ықпалы Қазақ ойшылдарының еңбектері педагогикалық технологияның ұлттық мазмұнын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әл-Фараби білім мен тәрбиені адамның кемелдену жолы ретінде қарастырса, Ахмет Байтұрсынұлы тіл мен білім арқылы ұлтты тәрбиелеудің маңызын көрсетеді. Жүсіп Баласағұн адамгершілік пен ізгілікке негізделген тәрбиелік ұстанымдарды ұсынады. Бұл ойлар технологияның рухани-мәдени мазмұнын байытады. Педагогикалық технологияның философиялық негіздері – оның дүниетанымдық, құндылықтық және тұлғалық бағыттылығын айқындайтын іргетас. Бұл негіздер технологияны тек әдістемелік жүйе емес, тұлғаны дамытуға бағытталған рухани-мәдени құрал ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. «Оқытушы философиялық негіздерді басшылыққа ала отырып, білім беру процесін терең мазмұнды, тұлғалық-бағдарлы және нәтижеге бағытталған етіп ұйымдастыра алады».
             Педагогикалық технологияның психологиялық негіздері — оқыту процесін адамның ішкі психикалық заңдылықтарына сәйкес ұйымдастыруға бағытталған ғылыми тірек. Бұл негіздер білім алушының танымдық, эмоциялық, мотивациялық және тұлғалық ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
            Негізгі мазмұндық элементтері:
          • Танымдық процестерді ескеру: қабылдау, есте сақтау, ойлау, зейін, қиял
          • Мотивацияны қалыптастыру: ішкі ынта, мағыналылық, жетістікке жету
          • Жас ерекшеліктерін ескеру: мазмұн мен әдістерді бейімдеу
          • Тұлғалық даму: дербестік, жауапкершілік, өзін-өзі тану
          • Психологиялық қауіпсіздік: сенімді орта, эмоциялық қолдау
          Теориялық тіректер
•         Л.С. Выготский – дамыта оқыту, жақын даму аймағы
•         Ж. Пиаже – когнитивтік даму сатылары
•         А. Маслоу – мотивацияның қажеттіліктер иерархиясы
•         К. Роджерс – тұлғалық-бағдарлы оқыту
•         Э. Эриксон – психоәлеуметтік даму кезеңдері
          Қазақ психолог-ғалымдарының үлесі
•         Қ.Жарықбаев – ұлттық психология негіздерін қалыптастырды, оқушының рухани-адамгершілік дамуына мән берді.
•         А.Темірбекова – білім алушының тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып оқыту технологияларын бейімдеу мәселелерін зерттеді.
•         С.Жақыпов – танымдық әрекетті ұйымдастырудың психологиялық шарттарын қарастырды.
Қолдану бағыттары
•         Танымдық процестерді ескере отырып мазмұн мен әдістерді таңдау
•         Мотивацияны арттыратын оқыту құралдарын қолдану
•         Жас ерекшеліктеріне сай бейімделген технологияларды енгізу
•         Тұлғаны дамытуға бағытталған оқыту ортасын қалыптастыру
•         Психологиялық қауіпсіздік пен эмоциялық қолдауды қамтамасыз ету
         Қорытындылай келе, педагогикалық технологияның психологиялық негіздері — білім беру процесін адамның психикалық даму заңдылықтарына сәйкес ұйымдастыруға бағытталған ғылыми-теориялық тірек болып табылады. Бұл негіздер оқушының танымдық белсенділігін, мотивациялық деңгейін, эмоциялық жағдайын және тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың мазмұны мен әдістерін тиімді жобалауға мүмкіндік береді. Психологиялық теориялар мен эмпирикалық зерттеулер педагогикалық технологияны тек сыртқы ұйымдастыру формасы емес, білім алушының ішкі әлеміне әсер ететін, оның дамуына ықпал ететін кешенді құрал ретінде қарастыруға негіз қалайды. Осыған орай, оқытушы психологиялық заңдылықтарды ескере отырып, білім алушының тұлғалық қалыптасуына, оқу мотивациясының артуына және танымдық белсенділігінің дамуына қолайлы орта құруы тиіс.
      Педагогикалық технологияның педагогикалық негіздері — бұл білім беру процесін ұйымдастыруда қолданылатын дидактикалық принциптер, оқыту мен тәрбиелеу теориялары, оқытушы мен білім алушы арасындағы өзара әрекеттестік формалары, сондай-ақ оқу мазмұнын, әдістерін, құралдарын және нәтижелерін ғылыми тұрғыдан негіздеуге бағытталған педагогикалық ұстанымдар жүйесі.
          Негізгі мазмұны
1. Дидактикалық негіздер
•         Оқыту мазмұны, әдістері, формалары және құралдары
•         Оқыту принциптері: жүйелілік, көрнекілік, белсенділік, дербестік, ғылымилық
•         Оқу мақсаттарын нақтылау және нәтижелерді диагностикалау
2. Тәрбие теориясы
•         Тұлғаны қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік технологиялар
•         Құндылықтар жүйесі, мінез-құлық нормалары, әлеуметтік белсенділік
3. Оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі
•         Оқыту процесінде тәрбиелік ықпалдың болуы
•         Технологияны тұлғаның рухани, мәдени және әлеуметтік дамуына бағыттау
4. Оқытушының педагогикалық шеберлігі
•         Сабақты жобалау, технологиялық карта құру
•         Оқытушының жетекші, фасилитатор, ментор ретіндегі рөлі
•         Оқытуда кері байланыс, рефлексия және бағалау механизмдерін қолдану
5. Оқу нәтижелеріне бағытталу
•         Құзыреттілікке негізделген білім беру
•         Оқу нәтижелерін жоспарлау (Learning Outcomes)
•         Бағалау критерийлерін нақтылау
      Жалпы алғанда, педагогикалық технологияның педагогикалық негіздері — бұл оқыту мен тәрбиелеу процесін ғылыми тұрғыдан ұйымдастыруға бағытталған теориялық және әдістемелік тірек. Бұл негіздер білім беру технологиясын білім алушының тұлғалық дамуын қамтамасыз етуге, оқу сапасын арттыруға және педагогикалық процестің тиімділігін күшейтуге бағдарлайды. Оқытушы осы педагогикалық ұстанымдарды ескере отырып, оқу мазмұнын жүйелі, мақсатты және нәтижеге бағытталған түрде жобалап, жүзеге асырады.

Педагогикалық технологияны жоғары оқу орнындағы оқыту ерекшеліктері тұрғысынан қарастыру.

 
          Жоғары оқу орнындағы білім мазмұны күрделі ғылыми ұғымдарға, теориялық тұжырымдарға негізделеді. Сондықтан педагогикалық технологиялар ғылыми дәлдікке, ұғымдық жүйелілікке және теорияны практикамен ұштастыруға бағытталуы тиіс. Бұл контексте ЖОО-да қолданылатын тиімді технологияларға проблемалық оқыту, зерттеушілік бағыттағы тапсырмалар, кейс-стади, жобалық әдіс жатады.
           Оқыту тұлғалық-бағдарлы және құзыреттілікке негізделеді. Студент – оқу процесінің белсенді субъектісі. Педагогикалық технологиялар білім алушының дербестігін, жауапкершілігін, өзін-өзі дамыту қабілетін ескеруге бағытталады. Құзыреттілікке негізделген оқытуда технологиялар тек білім, білік, дағдыны ғана емес, тұлғалық қасиеттерді, кәсіби құндылықтарды дамытуға да ықпал етеді.
          Кредиттік жүйе мен академиялық еркіндікке сәйкестендіру – жоғары білім берудің маңызды ерекшелігі. Студент оқу пәндерін, оқу траекториясын, оқу жүктемесін таңдау еркіндігімен жүзеге асырады. Педагогикалық технологиялар осы еркіндікті ескеріп, бейімделгіш, икемді, жекелендірілген оқыту формаларын ұсынуы қажет.
      Зерттеушілік және практикалық бағытты қолдау – жоғары оқу орнындағы оқытудың ажырамас бөлігі. Технологиялар ғылыми-зерттеу, тәжірибелік тапсырмалар, инновациялық жобалар арқылы студенттің кәсіби қалыптасуына ықпал етеді. Бұл – технологияның шығармашылық, ізденушілік, құзыреттілікке бағытталған сипатын күшейтеді. Метатаным мен рефлексияны дамыту – заманауи оқытудың маңызды шарты. ЖОО-да оқыту тек білім берумен шектелмейді, студент өз оқу әрекетін талдауға, бағалауға, жетілдіруге үйренуі тиіс. Педагогикалық технологиялар рефлексиялық тапсырмалар, өзіндік бағалау, портфолио сияқты құралдар арқылы метатанымдық қабілеттерді дамытады.
      Ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен интеграция – қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Цифрлық ортада оқыту педагогикалық технологиялар арқылы онлайн платформалар, электронды ресурстар, қашықтан оқыту құралдары негізінде жүзеге асырылады. Бұл студенттің дербестігін, уақытты басқару қабілетін, цифрлық сауаттылығын арттырады.
      Сөзімізді қорытындылай келе, педагогикалық технологияны жоғары оқу орнындағы оқыту ерекшеліктері тұрғысынан қарастыру — бұл технологияны нақты оқу ортасына бейімдеу, білім алушының тұлғалық және кәсіби дамуына бағыттау, сондай-ақ оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік беретін ғылыми-әдістемелік тәсіл. Мұндай көзқарас оқытушыға педагогикалық технологияны саналы, мақсатты және нәтижеге бағытталған түрде қолдануға жағдай жасайды.
Жоғары білім беру мазмұны мектептегі білімнен айырмашылығы — оның теориялық күрделілігі мен ғылыми негізделуінде. Жоғары оқу орнындағы оқытудың басты мақсаты — білім алушыны белгілі бір салада терең ойлай алатын, ғылыми ұстанымдарды меңгерген, зерттеу жүргізуге қабілетті маман ретінде қалыптастыру.

Жоғары оқу орнындағы оқытудың заманауи педагогикалық технология түрлері

 

         Магистранттарға жоғары білім беру жүйесінде қолданылатын заманауи педагогикалық технологиялардың түрлерін, олардың ерекшеліктерін және тиімді қолдану шарттарын ғылыми-теориялық және практикалық тұрғыдан таныстыру.Заманауи білім беру жүйесі – үнемі жаңарып отыратын, икемді, тұлғалық-бағдарлы және құзыреттілікке негізделген орта. Жоғары оқу орнындағы оқыту тек білім берумен шектелмейді, ол студенттің ғылыми, кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталады. Осы мақсатқа жету үшін оқытушы заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдануы тиіс.
          Негізгі технология түрлері
          Модульдік оқыту технологиясы – оқу мазмұнын ірі блоктарға бөліп, әр модульді нақты мақсаттармен, мазмұнмен және бағалау жүйесімен ұйымдастыруға негізделеді. Бұл тәсіл студенттің оқу процесін басқару қабілетін дамытады.
          Кейс-стади (жағдаяттық талдау) – нақты кәсіби немесе өмірлік жағдаяттарды талдау арқылы студенттің шешім қабылдау, сын тұрғысынан ойлау және пікірталас жүргізу дағдыларын қалыптастырады.
          Жобалық оқыту технологиясы – студенттер ғылыми немесе кәсіби жобалармен жұмыс істей отырып, ізденушілік, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытады.
          Проблемалық оқыту – студентке шешімін табуды талап ететін проблемалық жағдай ұсынылады. Бұл технология танымдық белсенділік пен логикалық ойлауды дамытады.
          Аралас оқыту (Blended Learning) – дәстүрлі аудиториялық оқыту мен онлайн оқытудың үйлесімі. Бұл тәсіл цифрлық сауаттылықты, дербестікті және уақытты басқару қабілетін арттырады.
          Интерактивті оқыту – диалог, пікірталас, ойын элементтері арқылы жүзеге асады. Студент белсенді қатысушы ретінде әрекет етеді, ал бұл коммуникативтік дағдылар мен эмоциялық интеллектті дамытады.
          Рефлексиялық технологиялар – студент өз оқу әрекетін талдайды, бағалайды және жетілдіреді. Бұл технологиялар рефлексиялық күнделік, портфолио және өзіндік бағалау құралдары арқылы метатанымдық қабілеттерді қалыптастырады.
          Сараланған және дараланған оқыту – студенттердің қабілетіне, қызығушылығына және оқу деңгейіне қарай бейімделген оқыту тәсілдері. Бұл технология жекелендірілген тапсырмалар мен икемді бағалау жүйесін қолдануға мүмкіндік береді.
          Қолдану шарттары. Заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдану үшін келесі әдістемелік шарттар сақталуы тиіс: оқу мақсаттарының нақтылығы, технологиялық картаның құрылуы, кері байланысты ұйымдастыру, бағалау критерийлерін нақтылау және студенттің белсенділігін арттыру.
         Жоғары оқу орнындағы заманауи педагогикалық технологиялар – бұл білім алушының тұлғалық, кәсіби және зерттеушілік әлеуетін дамытуға бағытталған құралдар. Магистранттар бұл технологияларды меңгеру арқылы болашақта білім беру процесін жаңғыртуға, оның сапасын арттыруға және студенттің дербес дамуына жағдай жасауға қабілетті маман ретінде қалыптасады.

Педагогикалық технологияларды қолданудың әдістемелік шарттары

 
         Педагогикалық технологияны тиімді қолдану үшін оқытушы тек теорияны меңгеріп қана қоймай, оны нақты оқу процесіне бейімдей білуі қажет. Әдістемелік шарттар – технологияны мақсатты, нәтижелі және сапалы түрде жүзеге асырудың негізі.
1. Оқу мақсаттарының нақтылығы
          Оқытудың мақсаты – білім алушының танымдық белсенділігін, құзыреттілігін және тұлғалық дамуын қамтамасыз ету. Бұл туралы Б.Лихачёв «оқу мақсаты – технологиялық шешімдердің өзегі» деп көрсетсе, А. Байтұрсынұлы «оқытудың мақсаты – баланың миына білімді құю емес, оның ақылын жетілдіру» деген. Демек, мақсат нақты болмаса, технология да нәтижелі болмайды.
          2. Технологиялық картаны құру
          Әрбір сабақтың құрылымы, кезеңдері, әдістері мен құралдары жүйеленіп, технологиялық картада көрініс табуы тиіс. В.П.Беспалько бұл картаны «оқыту процесінің алгоритмі» деп атайды. Ал М.Жұмабаев «мұғалім – сабақты жоспарлағанда баланың жан дүниесін ескеруі керек» деп, технологиялық құрылымның психологиялық жағына назар аударған.
          3. Кері байланысты ұйымдастыру
          Кері байланыс – оқыту сапасын арттырудың негізгі құралы. Джон Хэтти өзінің «Visible Learning» еңбегінде кері байланыстың оқытуға әсер ету деңгейін ең жоғары фактор ретінде көрсетеді. Қазақ ағартушысы Ы.Алтынсарин де «оқушының ойын тыңдау – оның рухани өсуіне жол ашу» деп, кері байланыстың тәрбиелік маңызын атап өткен.
          4. Бағалау критерийлерін нақтылау
          Бағалау – технологияның нәтижесін өлшейтін құрал. А.Хуторской құзыреттілікке негізделген бағалауды «оқу нәтижесінің сапалық көрсеткіші» деп сипаттайды. Ал Қ.Жарықбаев «бағалау – оқушыны танудың педагогикалық тәсілі» деп, оның тұлғалық дамуына әсерін көрсеткен.
          5. Студенттің белсенділігін арттыру
          Белсенділік – технологияның табысты болу шарты. Л.С.Выготский «оқу – белсенді әрекет арқылы жүзеге асады» деп, оқушының ішкі мотивациясына мән берген. Қазақ педагогикасында А.Байтұрсынұлы «баланы оқыту үшін оны қызықтыру керек» деген қағидасы – белсенділікті арттырудың басты шарты.
          6. Оқу ортасын бейімдеу
          Оқу ортасы – технологияны жүзеге асырудың кеңістігі. М.Монтессори «баланың дамуы – оның ортасына байланысты» деп, оқыту кеңістігінің маңызын көрсеткен. Ал Ш.Құдайбердіұлы «адамға әсер ететін – орта мен тәрбие» деп, білім беру ортасының тәрбиелік ықпалын атап өткен.
          Жалпы алғанда, педагогикалық технологияларды қолданудың әдістемелік шарттары — бұл оқыту процесінің сапасын арттыруға, студенттің танымдық белсенділігін күшейтуге және күтілетін оқу нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған ғылыми-тәжірибелік негіздер жүйесі. Бұл шарттардың маңыздылығы отандық және әлемдік педагог-ғалымдардың көзқарастарымен дәлелденген. Мәселен, А. Байтұрсынұлы, Ы. Алтынсарин, М. Жұмабаев сынды қазақ ағартушылары оқытуда мақсаттылық, жүйелілік және тұлғалық дамуға бағытталу қағидаларын алға тартқан. Ал В.П. Беспалько, Л.С. Выготский, Джон Хэтти секілді шетелдік зерттеушілер технологиялық тәсілдердің тиімділігі оқу ортасын, кері байланысты, бағалау жүйесін және оқушы белсенділігін ескергенде арта түсетінін көрсеткен.
          Оқытушы осы әдістемелік шарттарды ескере отырып, педагогикалық технологияны саналы, жүйелі және нәтижеге бағытталған түрде қолдана алады. Бұл тәсіл білім алушының тұлғалық және кәсіби дамуына жағдай жасап, оқу процесінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
          Мақсаты: Магистранттарға жоғары білім беру жүйесінде қолданылатын заманауи педагогикалық технологиялардың түрлерін, олардың ерекшеліктерін және тиімді қолдану шарттарын ғылыми-теориялық және практикалық тұрғыдан таныстыру.Заманауи білім беру жүйесі – үнемі жаңарып отыратын, икемді, тұлғалық-бағдарлы және құзыреттілікке негізделген орта. Жоғары оқу орнында оқыту тек білім берумен шектелмейді, ол студенттің ғылыми, кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталады. Осы мақсатқа жету үшін оқытушы заманауи педагогикалық технологияларды тиімді қолдануы тиіс. Негізгі технология түрлерін атайтын болсақ Модульдік оқыту технологиясы,Кейс-стади (жағдаяттық талдау),Жобалық оқыту технологиясы, Проблемалық оқыту, Аралас оқыту (Blended Learning), Интерактивті оқыту, Рефлексиялық технологиялар: Сараланған және дараланған оқыту
          Қолдану шарттары
          • Оқу мақсаттарының нақтылығы
          •Технологиялық карта құру
          • Кері байланыс ұйымдастыру
          • Бағалау критерийлерін анықтау
          • Студенттің белсенділігін арттыру
        Тұжырымдай келе, жоғары оқу орнындағы оқытудың заманауи педагогикалық технологиялары — бұл білім алушының тұлғалық, кәсіби және зерттеушілік әлеуетін дамытуға бағытталған, ғылыми негізделген, әдістемелік тұрғыдан жүйеленген оқыту құралдары.
          Біріншіден, қарастырылған философиялық, психологиялық және педагогикалық негіздер — технологияны түсінудің іргетасы. Бұл негіздер оқыту процесінің мәнін, адам табиғатын, таным заңдылықтарын және білім беру мақсаттарын айқындайды.
          Екіншіден, педагогикалық технологияны жоғары оқу орнындағы оқыту ерекшеліктері тұрғысынан қарастыру — технологияны нақты академиялық ортаға бейімдеудің маңызын көрсетеді. Жоғары білім беру жүйесі теориялық тереңдікке, ғылыми дәлдікке және тұлғалық дербестікке негізделеді.
          Үшіншіден, заманауи технология түрлері жүйеленіп, олардың мазмұны мен қолдану ерекшеліктері сипатталды. Модульдік оқыту, кейс-стади, жобалық әдіс, проблемалық оқыту, аралас және интерактивті тәсілдер — барлығы студенттің белсенділігін, шығармашылығын және зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған.
          Төртіншіден, педагогикалық технологияларды қолданудың әдістемелік шарттары нақты көрсетілді. Оқу мақсаттарының нақтылығы, технологиялық карта, кері байланыс, бағалау критерийлері және оқу ортасын бейімдеу — оқытушының кәсіби шеберлігін айқындайтын негізгі шарттар. Осы төрт бағытты біртұтас жүйе ретінде қарастырғанда, заманауи педагогикалық технологиялар — жоғары білім беру сапасын арттырудың, студенттің дербес дамуына жағдай жасаудың және оқытушының кәсіби құзыреттілігін жүзеге асырудың тиімді құралы екені ғылыми тұрғыдан дәлелденеді.
Өзін – өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
          Сұрақтар 
          1. Педагогикалық технология ұғымының философиялық, психологиялық және педагогикалық негіздерін сипаттаңыз.
          2.Жоғары оқу орнындағы оқытудың мектептегі оқытудан қандай ерекшеліктері бар?
          3. Заманауи педагогикалық технологиялардың қандай түрлері сіздің болашақ кәсіби қызметіңізге тиімді деп ойлайсыз? Неліктен?
          4.Технологиялық карта дегеніміз не және ол оқытудың қай кезеңдерінде қолданылады?
          5. Кері байланыс педагогикалық технологияда қандай рөл атқарады?
          6. Модульдік оқыту мен жобалық оқытудың айырмашылығы неде?
          7. Кейс-стади мен проблемалық оқытудың ұқсастықтары мен ерекшеліктерін атаңыз.
          8. Аралас оқыту мен интерактивті оқытудың тиімділігін салыстырыңыз.
          9. Сіз өз тәжірибеңізде қандай технологияны қолданар едіңіз? Неліктен?
          10. Педагогикалық технологияларды қолдануда қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
          1-тапсырма. Берілген тақырып бойынша шағын эссе жазыңыз (150–200 сөз). «Педагогикалық технологияны жоғары оқу орнында қолданудың тиімді жолдары»

          2-тапсырма. Өзіңіз таңдаған бір технология түріне (мысалы, жобалық оқыту) арналған технологиялық карта құрастырыңыз: мақсат, кезеңдер, әдістер, бағалау критерийлері.

          3-тапсырма. «Кейс-стади» технологиясы бойынша өз мамандығыңызға қатысты жағдаяттық тапсырма дайындаңыз және оны шешу жолдарын ұсыныңыз.

          4-тапсырма. Заманауи технологиялардың бірі бойынша презентация слайдтарының құрылымын жасаңыз (тақырып, мақсат, мазмұн, қорытынды).

          5-тапсырма. Отандық және шетелдік ғалымдардың педагогикалық технологияға қатысты пікірлерін жинақтап, салыстырмалы талдау жасаңыз.

Made on
Tilda