Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы — бұл тек білім беру емес, тұлғаны қалыптастыруға, азаматтық, рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды сіңіруге бағытталған кешенді педагогикалық үдеріс. Ол оқу процесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады және студенттің кәсіби ғана емес, тұлғалық дамуына да тікелей әсер етеді.
Тәрбие жұмысы — оқудан тыс жеке педагогикалық әрекет емес, жалпы даму мен оқыту үдерісіне кіріктірілген, органикалық құрамдас бөлік. Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысының негізгі факторлары: біріншіден, оқу орнының ішкі ұйымдастырылуы; екіншіден, ғылым және оқу саласында студенттердің өзін-өзі басқаруын ынталандыру; үшіншіден, студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Университеттің міндеті — білім мазмұнын құрайтын жоғары кәсіби-гуманитарлық сапаны қамтамасыз ете отырып, кәсіби мәдениеті қалыптасқан маман тұлғаны тәрбиелеу. Тәрбие — мақсатты, біртұтас, ұзақ әрі көпжақты үдеріс. Тәрбие мақсаты нақты өмір жағдайына сай болғанда ғана нәтижелі болады. Педагог тәрбие мақсатын өз қалауы бойынша анықтай алмайды, себебі ол қоғамның және мемлекеттің саяси-идеологиялық бағытымен тығыз байланысты. Адам жеке тұлға ретінде тәрбиеленеді, сондықтан адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру бірыңғай әлеуметтік ортада жүзеге асырылады. Жеке тұлғаның қалыптасуы ұзақ мерзімді қажет етеді: бала туғаннан бастап есейгенге дейін тәрбиенің ықпалында болады, кейін бұл үдеріс өзін-өзі тәрбиелеу арқылы жалғасады.
Тәрбие — көпжақты қоғамдық міндет. Жасөспірімдерді азамат етіп тәрбиелеу, қоғамдық пайдалы еңбекке әзірлеу — отбасы, оқу орны және жұртшылықтың бірлескен әрекетінің нәтижесі. Бұл үдерісті үйлестіруде педагогтың рөлі ерекше. Тәрбие жұмысының орталығы — оқу орны. Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысының басты мақсаты — жоғары кәсіби білімі, мәдениеті, зияткерлігі, әлеуметтік белсенділігі және азаматтық-патриоттық қасиеттері бар бәсекеге қабілетті маман тұлғаны қалыптастыру. Білім алушылармен жүргізілетін тәрбие жұмысының негізгі міндеті — олардың шығармашылық қабілеттерін ашу, азаматтық өзін-өзі анықтау мен өзін-өзі тануға жағдай жасау, сондай-ақ интеллектуалдық, адамгершілік, мәдени және физикалық дамудағы қажеттіліктерін үйлестіру.
Тәрбие — жастарға ересектердің тәжірибесін жеткізу ғана емес, сонымен қатар оқу және оқудан тыс уақытта оқытушы мен студент арасындағы өзара қарым-қатынас пен бірлескен әрекет арқылы жүзеге асатын үдеріс. Университеттің сабақтан тыс және тәрбие жұмысы студенттердің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, азаматтық өзін-өзі жүзеге асыруға қажетті жағдай жасауға бағытталады. Жастарға білім мен тәрбие беру, рухани байлық пен мәдениеттілікті жетілдіру, зерттеу-саралау қабілетін дамыту және өзін-өзі тәрбиелеуге үйрету — жоғары оқу орнының маңызды міндеттерінің бірі.
Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы — педагогика ғылымының маңызды саласы. Бұл бағытта бірқатар отандық және шетелдік ғалымдар терең зерттеулер жүргізген. Мәселен, Насимов М.О. және Саткенов Д.А. тәрбие жұмысын дамытудағы басым бағыттарды айқындап, оқытушының кәсіби мәдениетті қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтеді. Олар тәрбие үдерісін тұлғаны қоғамдық және мәдени өмірдің социомәдени нормативтеріне сәйкес қалыптастыру жүйесі ретінде сипаттайды. Иманбаева С.Т. және Майғаранова Ш. «Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» атты оқу құралында тәрбие мазмұнын, әдістері мен формаларын кешенді түрде қарастырады. Олар тәрбие - ұзақ, көпжақты және тұлғаның біртұтастығын қамтамасыз ететін қоғамдық құбылыс екенін дәлелдейді. В.А. Сластёнин тәрбие теориясын педагогикалық процестің құрылымымен байланыстыра отырып, жоғары мектептегі тәрбие жұмысының жүйелілігі мен мақсаттылығын негіздейді. Ал И.А. Колесникова студенттердің әлеуметтік белсенділігін арттыру жолдарын ұсына отырып, тәрбие мазмұнын білім беру мазмұнымен интеграциялау қажеттілігін көрсетеді.
Аталған зерттеулер тәрбие жұмысының оқу процесінің ажырамас бөлігі екенін дәлелдейді. Ғалымдар тәрбие жұмысын ұйымдастыруда оқытушының тұлғалық үлгісі, құндылықтар жүйесі және әлеуметтік жауапкершілігі шешуші рөл атқаратынын алға тартады.

Студенттік ортада тәрбие берудің мазмұны


Студенттік ортада тәрбие берудің мазмұны — бұл жоғары оқу орнындағы білім беру үдерісінің рухани, әлеуметтік және мәдени негізін құрайтын маңызды бағыт. Ол тек біліммен шектелмей, тұлғаның құндылықтық бағдарын, мінез-құлқын, азаматтық ұстанымын, кәсіби және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталады. Тәрбие мазмұны студенттің жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін жүйелі, мақсатты және интеграцияланған педагогикалық үдеріс ретінде қарастырылады.
Тәрбие мазмұнының негізгі бағыттары:
1. Азаматтық-патриоттық тәрбие
• Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету
• Ұлттық сана мен тарихи мұраны тану
• Қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және нығайту
2. Рухани-адамгершілік тәрбие
• Абайдың «Толық адам» концепциясы негізінде тұлғаны дамыту
•Мейірімділік, әділдік, адалдық, қанағатшылдық сияқты құндылықтарды сіңіру
• Жеке тұлғаның ішкі мәдениетін, рухани байлығын қалыптастыру
3. Құқықтық және академиялық адалдық тәрбиесі
• Заңға бағыну, құқықтық сауаттылықты арттыру
• Академиялық әділеттілік пен плагиатқа қарсы мәдениетті қалыптастыру
• Студенттің оқу мен қоғамдық өмірдегі жауапкершілігін күшейту
4. Экологиялық және әлеуметтік тәрбие
• Табиғатқа қамқорлық жасау, тұрақты даму идеяларын насихаттау
• Волонтерлік қызметті дамыту, инклюзивті орта қалыптастыру
• Қоғамдық белсенділік пен әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелеу
5. Кәсіби-еңбек тәрбиесі
• Мамандыққа адалдық, еңбек мәдениетін қалыптастыру
• Жауапкершілік, тәртіп, кәсіби этика нормаларын меңгерту
• Өзін-өзі дамытуға бағытталған ішкі мотивацияны ояту
Студенттік ортада тәрбие беру — бұл тек іс-шаралар жиынтығы емес, тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған кешенді педагогикалық жүйе. Ол ұлттық құндылықтар мен заманауи талаптарды ұштастыра отырып, болашақ маманның рухани, әлеуметтік және кәсіби бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді. Тәрбие мазмұны студенттің азаматтық ұстанымын, мәдениетаралық қарым-қатынасын, кәсіби этикасын және тұлғалық жауапкершілігін дамытуға бағытталған. Жоғары оқу орны тәрбие жұмысын оқу процесімен тығыз байланыстыра отырып, білім алушының тұлғалық әлеуетін ашуға, оның қоғамдағы белсенді әрі жауапты азамат ретінде қалыптасуына жағдай жасайды.

Әлеуметтік-психологиялық қолдау


Әлеуметтік-психологиялық қолдау: тәрбие жұмысының интеграциялық негізі. Әлеуметтік-психологиялық қолдау — бұл студенттің оқу барысында, жеке өмірінде және кәсіби қалыптасу жолында кездесетін қиындықтарды жеңуге бағытталған жүйелі әрі кешенді көмек түрі. Ол жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады және білім алушының тұлғалық, эмоционалдық, әлеуметтік және зияткерлік дамуына ықпал етеді.
Психологиялық қолдау қызметінің мақсаты мен міндеттері:
Психологиялық қолдау қызметінің басты мақсаты — білім беру үдерісіне қатысушылардың психологиялық денсаулығын сақтау және нығайту, оқу-тәрбие процесінде қолайлы психологиялық климат қалыптастыру. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін келесі міндеттер айқындалады:
  • Тұлғалық даму, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі жетілдіруге ықпал ету;
  • Асоциалды және аутодеструктивті мінез-құлық көріністерінің алдын алу;
  • Бейімделу кезеңінде әлеуметтік-психологиялық қолдау тетіктерін ұйымдастыру;
  • Эмоциялық қиындықтарды шешу үшін психодиагностика және психокоррекциялық жұмыстар жүргізу;
  • Студенттің жеке әлеуетін анықтауға көмектесу;
  • Позитивті өмірлік ұстаным қалыптастыру;
  • Кәсіби жетістікке жету үшін қажетті психологиялық біліммен қамтамасыз ету;
  • Университеттің корпоративтік мәдениетін нығайтуға қолдау көрсету;
  • Психологиялық қызмет туралы ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету;
  • Оқу қиындықтары мен әлеуметтік-эмоционалдық проблемаларды жеңуге көмектесу.
Бұл міндеттер студенттің жан-жақты дамуына, оқу мотивациясының артуына және оқу орнындағы тәрбие жұмысының сапалы жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Ғалымдардың көзқарасы: тәрбие мен психологиялық қолдаудың біртұтастығы.
Тәрбие бағытында әлеуметтік-психологиялық қолдау мәселесін зерттеген ғалымдардың еңбектері бұл екі ұғымның өзара тығыз байланыста екенін дәлелдейді. ХХ ғасырдың басында Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, С.Т.Шацкий, А.С.Макаренко және В.А.Сухомлинский тәрбие процесін ұжымдық, гуманистік және тұлғалық даму негізінде қарастырған. Н.К. Крупская ұжымдық тәрбиенің теориялық негізін қалыптастырып, баланың әлеуметтік бейімделуі мен психологиялық тұрақтылығы ұжым арқылы дамитынын көрсетті. Ол балалардың бірлескен әрекеті мен өзара жауапкершілігіне ерекше мән берді. А.В.Луначарский тәрбиенің мақсатын — қоғаммен үйлесімді өмір сүре алатын тұлға қалыптастыру деп анықтап, адамның әлеуметтік сезімін, жанашырлығын және ұжыммен байланысын дамытудың маңызын атап өтті. С.Т. Шацкий тәжірибелік педагогиканың негізін қалаушы ретінде еңбек пен шығармашылықты тәрбие мен психологиялық қолдаудың негізгі құралы деп таныды. Ол эмоциялық тұрақтылық пен еркіндік принциптерін ұстанды. А.С. Макаренко қиын балалармен жұмыс істеу арқылы ұжымдық тәрбие мен психологиялық тұрақтылықты дамытудың жүйесін ұсынды. Оның «Тәрбие — бұл күнделікті өмірдің барлық сәті» деген тұжырымы тәрбие мен психологиялық қолдаудың біртұтас екенін дәлелдейді. В.А. Сухомлинский «жүрекпен тәрбиелеу» қағидасын ұстанып, баланың ішкі әлемін, эмоциялық күйін және рухани қажеттілігін ескере отырып, гуманистік тәрбие моделін жасады. Оның еңбектерінде мейірім, сенім, қолдау тәрбие процесінің негізгі элементтері ретінде қарастырылады. Аталған ғалымдардың еңбектері тәрбие мен әлеуметтік-психологиялық қолдаудың теориялық және практикалық негізін қалыптастырғанын айқын көрсетеді. Олар тұлғаның дамуын ұжым, еңбек, эмоциялық тұрақтылық және рухани қолдау арқылы жүзеге асыруды ұсынған. Бұл көзқарастар қазіргі жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының мазмұнын байытып, студенттің жан-жақты дамуына елеулі ықпал етеді.
Әлеуметтік-психологиялық қолдау — бұл тәрбие жұмысының қосымша элементі емес, оның құрылымдық және мазмұндық өзегі. Ол студенттің тұлғалық әлеуетін ашуға, өмірлік қиындықтарды еңсеруге, кәсіби және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған. Жоғары оқу орны тәрбие мен психологиялық қолдауды интеграциялау арқылы білім алушының рухани, интеллектуалдық және әлеуметтік дамуын үйлестіретін қолайлы орта қалыптастырады.

Академиялық адалдық пен академиялық мәдениет


Академиялық адалдық пен академиялық мәдениет — қазіргі жоғары білім беру жүйесінің іргетасы. Бұл ұғымдар студент пен оқытушының ғылыми, оқу және тәрбие үдерісіндегі әділеттілік, жауапкершілік, шынайылық және этикалық ұстанымдарын білдіреді. Академиялық адалдық дегеніміз не?
Академиялық адалдық — бұл білім алушы мен оқытушының оқу және ғылыми қызметте шыншылдық, әділдік, жауапкершілік және өз еңбегін құрметтеу қағидаларын ұстануы.
Негізгі принциптері:
• Плагиаттан бас тарту
• Өз еңбегін дұрыс рәсімдеу
• Емтихан мен тапсырмада әділдік сақтау
• Ғылыми дереккөздерге сілтеме беру
• Топтық жұмыс кезінде тең үлес қосу
Адалдық– студенттердің өздеріне берілген бағаланатын және баға қойылмайтын тапсырмаларды адал, әрі мұқият орындауы. Академиялық адалдықтың саяси мақсаты – Қазақстандағы жоғары білім беру сапасын әлемдік стандарттарға сай жетілдіру, оның бәсекеге қабілеттілігі мен қажеттілігін арттыру.
Академиялық адалдық — қазіргі білім беру жүйесінің іргелі ұстанымы, ал бұл ұғымды ғылыми тұрғыда зерттеген ғалымдар оның этикалық, құқықтық және психологиялық қырларын жан-жақты қарастырған. Академиялық адалдықты зерттеген ғалымдар қатарында Т. Б. Бекбаева — Қазақстандық жоғары оқу орындарында академиялық адалдықты қалыптастыру жолдарын зерттеген. Ол плагиаттың алдын алу, студенттердің дербес жұмысын бағалау және этикалық нормаларды енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар жасаған. А. А. Айтмұхамбетова — академиялық мәдениет пен адалдықты тәрбиелеудің педагогикалық шарттарын қарастырып, оқу процесіндегі әділдік, ашықтық және жауапкершілік ұғымдарын нақтылаған. С. А. Жүсіпова — ғылыми этика мен академиялық адалдықтың құқықтық негіздерін зерттеп, университеттік деңгейде адалдық кодексін енгізу тәжірибесін сипаттаған. Халықаралық зерттеушілер қатарында Donald McCabe (АҚШ) — академиялық адалдықты бұзу себептерін және студенттердің мінез-құлқындағы этикалық ауытқуларды зерттеген. Ол «International Center for Academic Integrity» ұйымының негізін қалаған. Tricia Bertram Gallant — жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдықты басқару және мәдениет қалыптастыру бойынша кеңесші ретінде танымал. Ол «Creating the Ethical Academy» атты еңбегімен белгілі.
Академиялық мәдениет — бұл оқу орнында қалыптасқан этикалық нормалар, ғылыми дәстүрлер, қарым-қатынас әдебі және кәсіби мінез-құлық жүйесі. Тұжырым жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы — студенттің тұлғалық, рухани және кәсіби дамуын қамтамасыз ететін кешенді педагогикалық үдеріс. Бұл үдеріс тек білім берумен шектелмей, студенттің ішкі мәдениетін, әлеуметтік жауапкершілігін және академиялық ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталады.
Біріншіден, студенттік ортада тәрбие берудің мазмұны ұлттық құндылықтар мен заманауи талаптарды ұштастыра отырып, азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, құқықтық және кәсіби тәрбие бағыттарын қамтиды. Бұл мазмұн тұлғаның жан-жақты дамуына негіз болады.
Екіншіден, әлеуметтік-психологиялық қолдау — студенттің эмоционалды тұрақтылығын, әлеуметтік бейімделуін және өмірлік қиындықтарды жеңу қабілетін арттыратын маңызды құрал. Бұл қолдау жүйесі арқылы студент өзін қауіпсіз, қолдаулы және сенімді ортада сезінеді.
Үшіншіден, академиялық адалдық пен академиялық мәдениет — білім беру сапасының, ғылыми әділеттіліктің және кәсіби этиканың негізі. Бұл ұғымдар студент пен оқытушының оқу және ғылыми қызметтегі шынайылық, жауапкершілік және өзара сыйластық қағидаларын қалыптастырады. Осы үш бағыттың біртұтас жүйесі жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысының мазмұнын байытып, студенттің жан-жақты, бәсекеге қабілетті және рухани бай тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы — студенттің тұлғалық, рухани және кәсіби дамуын қамтамасыз ететін кешенді педагогикалық жүйе. Ол оқу процесімен тығыз байланыста жүзеге асатын, білім алушының құндылықтық бағдарын, әлеуметтік белсенділігін және академиялық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.
1. Студенттік ортада тәрбие берудің мазмұны. Тәрбие мазмұны — бұл тек іс-шаралар жиынтығы емес, тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған жүйелі үдеріс. Ол азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, құқықтық, экологиялық және кәсіби-еңбек бағыттарын қамти отырып, студенттің ұлттық сана-сезімін, мәдениетаралық қарым-қатынасын, әлеуметтік жауапкершілігін және кәсіби этикасын қалыптастыруға ықпал етеді.
2. Әлеуметтік-психологиялық қолдау. Студенттің оқу барысында, жеке өмірінде және кәсіби қалыптасу жолында кездесетін қиындықтарды жеңуіне көмектесетін бұл бағыт — тәрбие жұмысының маңызды құрамдас бөлігі. Психологиялық қолдау қызметі білім алушының эмоционалдық тұрақтылығын, өзін-өзі тануын, бейімделуін және өмірлік мотивациясын дамытуға бағытталады. Бұл үдерісте ұжымдық әрекет, сенім, мейірім және еркіндік қағидаттары маңызды рөл атқарады.
3. Академиялық адалдық және академиялық мәдениет. Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігі ретінде академиялық адалдық — студенттің оқу әрекетіндегі әділеттілік, жауапкершілік және зияткерлік шынайылықты қалыптастыруды көздейді. Академиялық мәдениет — бұл білім алушының ғылыми ізденіске, сыни ойлауға, дербес шешім қабылдауға және академиялық этика нормаларын сақтауға бағытталған ішкі ұстанымы. Бұл бағыт студенттің кәсіби беделін, ғылыми әлеуетін және әлеуметтік сенімділігін арттыруға негіз болады.
Жалпы тұжырымдай келе, жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы — студенттің тұлғалық әлеуетін ашуға, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіруге, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз етуге және академиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді, көпқырлы және стратегиялық педагогикалық үдеріс. Бұл жүйе оқытушының кәсіби құзыреттілігін, тәрбие жұмысының мазмұндық тереңдігін және білім алушының болашаққа бағытталған дамуын қамтамасыз етеді.

Өзін – өзі тексеруге арналған сұрақтармен тапсырмалар:

Сұрақтар:

  1. Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттары қандай?
  2. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының тәрбиелік рөлі неде?
  3. Тұлғалық даму мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруда қандай әдістер тиімді?
  4. Тәрбие жұмысы мен білім беру мазмұнының байланысы қалай жүзеге асады?
  5. ЖОО-да студенттерге көрсетілетін психологиялық қолдау түрлері қандай?
  6. Әлеуметтік қолдау механизмдері (стипендия, жатақхана, кеңес беру) қалай ұйымдастырылады?
  7. Студенттердің эмоционалды әл-ауқатын арттыру үшін қандай шаралар қажет?
  8. Тәуекел тобындағы студенттермен жұмыс жүргізудің ерекшеліктері қандай?
  9. Академиялық адалдық ұғымын қалай түсінесіз?
  10. Академиялық мәдениетті қалыптастыруда оқытушының рөлі қандай?

1-тапсырма. «Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы: мазмұны, міндеттері және заманауи тәсілдер» тақырыбына аналитикалық эссе жазыңыз. Көлемі: 800–1000 сөз.

2-тапсырма. «ЖОО тәрбие жұмысының бағыттары мен әдістері» кесте құрастырыңыз. Бағандар: Бағыт ӘдісМақсат Мысал. Мысалы: патриоттық тәрбие, құқықтық тәрбие, экологиялық тәрбие.

3-тапсырма. Жоба жазыңыз «Студенттік ортада академиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған тәрбие жобасы»тақырыбына. Құрамында: мақсат, міндет, жоспар, күтілетін нәтиже болуы тиіс.

4-тапсырма. Сұхбат құрастырыңыз.
Мазмұны:
- «Мен студент ретінде академиялық адалдықты қалай түсінемін?»
- «Болашақ оқытушы ретінде қандай үлгі көрсетемін?»
- «Қиын жағдайда қалай әрекет етемін?»

5-тапсырма. Видеорефлексия жасаңыз 3–5 минуттық бейнежазба.
Мазмұны:
- Академиялық адалдыққа қатысты жеке тәжірибе
- Болашақ оқытушы ретіндегі ұстаным
- Қорытынды: неге бұл маңызды?

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ

Made on
Tilda