Қазіргі заманғы жоғары білім беру жүйесі оқытушыдан тек білім жеткізуші емес, сонымен қатар кәсіби бағыттаушы, зерттеуші және фасилитатор болуды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, педагогикалық пәндерді оқыту әдістері — болашақ маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған, теория мен практиканы ұштастыратын маңызды дидактикалық құралдар жүйесі. Әдістерді тиімді таңдау — білім сапасын арттырудың, студенттің белсенділігін оятудың және оқытушының шеберлігін көрсетудің басты шарты.
Жоғары мектептегі оқыту әдістері дәстүрлі және инновациялық бағыттарда дамып келеді. Дәрістік, семинарлық, практикалық сабақтар — теориялық білімді жүйелеуге мүмкіндік берсе, жобалық оқыту, кейс-стади, проблемалық әдістер — студенттің зерттеушілік қабілетін дамытады. Әсіресе, интербелсенді әдістер (дебат, «ойлан – жұптас – бөліс», кластер, инсерт) студенттердің танымдық белсенділігін арттырып, оқу үдерісін тұлғалық деңгейде ұйымдастыруға жол ашады. Оқыту әдістерінің тиімділігі — олардың мазмұнға, мақсатқа, студенттің дайындық деңгейіне және оқыту форматына сәйкестігімен анықталады. Әдіс, тәсіл және құралдың өзара байланысы — оқытушының шеберлігін айқындайтын көрсеткіш. Мысалы, жобалық әдіс арқылы студенттер нақты педагогикалық мәселені зерттеп, оны шешудің жолдарын ұсына алады. Бұл — теория мен практиканың үйлесімділігін көрсететін үлгі. Сонымен қатар, әдістерді цифрлық технологиялармен кіріктіре қолдану — қазіргі білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігі. LMS, Moodle, Padlet, Mentimeter сияқты платформалар оқыту әдістерінің жаңа форматта жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Оқыту әдісі туралы жалпы түсінік
Оқытудың жалпы әдісі (жалпы дидактикалық әдіс) — оқу-танымдық іс-әрекетті жүзеге асыруға бағытталған, нақты мақсатқа жетуге көмектесетін әдістердің жүйелі жиынтығы. Оның нәтижесі — сырттай бақыланатын өнім мен қалыптасқан қабілеттердің бірлігі. Оқыту әдісі — педагогика ғылымының үздіксіз дамып келе жатқан саласы. Әр ғалым бұл ұғымды өз дәуірінің талаптарына сай түсіндіріп, әдістерді білім мазмұнына, оқушы ерекшелігіне және қоғам сұранысына бейімдеген. Бүгінде оқыту әдістері - тек дидактикалық құрал емес, тұлға қалыптастырудың, құзыреттілікті дамытудың және білім сапасын арттырудың негізгі тетігі. Мұғалім мен мектеп жұмысының табысты болуы оқыту әдісіне тікелей байланысты. Педагог-ғалымдар сабақтағы мұғалім мен оқушының әрекет түрлерін бақылау арқылы оқыту әдістемесін қалыптастырған. Мысалы, мұғалім жаңа материалды түсіндіреді — бұл түсіндірмелі әдіс; оқушы материалды өз бетінше меңгереді — бұл өзіндік жұмыс әдісі; практикалық тапсырма орындайды — бұл практикалық әдіс; көрнекі материал қолданады — бұл иллюстрация әдісі.
Ғылыми жіктемелер мен әдістердің сипаттамасы
Е.И. Перовский, Н.М. Верзилин, Е.Я. Голант оқытудың сөздік, көрнекілік және практикалық әдістерін ұсынса, М.А. Данилов білім алу, білік пен дағдыны қалыптастыру, тексеру және бекіту әдістерін жіктеген. Е.Я. Голант оқыту әдістерін белсенді (активті) және енжар (пассивті) деп екі топқа бөлген. Тілдік әрекет сипатына қарай бұл әдістер әртүрлі іске асырылуы мүмкін. «Метод» (әдіс) термині гректің “methodos” сөзінен шыққан, мағынасы - шындыққа жақындау, межеге жету жолы. Педагогикалық практикада мұғалімнің сабақ беру тәсілдері мен оқушы әрекеті өзара тығыз байланыста болады. Оқыту әдісі үш негізгі белгімен сипатталады:
1. Оқыту мақсаты
2. Меңгеру деңгейі
3. Мұғалім мен оқушының өзара әрекет ету сипаты
Оқыту әдісі — мұғалім мен оқушының бірлескен оқу әрекетін ұйымдастыру тәсілі. Оның логикалық құрылымы оқу материалының мазмұны мен оқушылардың танымдық әрекетіне бағынышты.
Оқыту әдістерінің түрлері:
- Түсіндірмелі-иллюстративті әдіс — мұғалім дайын ақпаратты жеткізеді, оқушы оны қабылдап, есте сақтайды. Бұл әдіс ақпарат беруде тиімді, бірақ іскерлік пен дағдыны қалыптастыруда шектеулі.
- Репродуктивті әдіс — оқушы мұғалімнің тапсырмасы бойынша әрекетті қайталайды. Бұл әдіс білік пен дағдыны қалыптастыруға бағытталған.
- Мәселелік әдіс — мұғалім мәселе қойып, оны шешудің жолдарын көрсетеді. Бұл ғылыми таным үлгісін меңгеруге мүмкіндік береді.
- Эвристикалық әдіс — оқушылар мәселені бөліп, ізденіс арқылы шешуге тырысады. Бұл әдіс шығармашылық пен дербестікті дамытады.
Оқыту әдістерін таңдау шарттары
Педагогика ғылымында мұғалім тәжірибесін зерттеу негізінде оқыту әдістерін таңдаудың нақты шарттары қалыптасқан. Әдіс таңдау келесі факторларға байланысты:
- Оқу, білім беру, тәрбиелеу және оқушылардың даму мақсаттарына
- Пән мазмұны мен тақырып ерекшеліктеріне
- Сабақтың мақсаты, мазмұны мен міндеттеріне
- Уақыт ресурсына
- Оқушылардың жас ерекшелігі мен танымдық мүмкіндіктеріне
- Дайындық деңгейіне (білім, тәрбие, даму)
- Материалдық-техникалық базаға
- Мұғалімнің теориялық және практикалық дайындығына, әдістемелік шеберлігіне.
Мұғалім осы факторларды ескере отырып, ауызша, көрнекі, практикалық, репродуктивтік немесе іздену әдістерін, сондай-ақ өзіндік жұмыс түрлерін таңдауға шешім қабылдайды. Оқыту әдістері мен технологиялары - білім беру үдерісінің мазмұнын, құрылымын және нәтижелілігін айқындайтын негізгі дидактикалық тетік. Бастауыш мектепте оқыту әдістері оқушының жас ерекшелігіне, танымдық қабілетіне және оқу мотивациясына бейімделе отырып, білім мазмұнын меңгеруге, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталады. Ал жоғары мектептегі педагогикалық пәндерді оқыту әдістері — болашақ маманның кәсіби құзыреттілігін дамытуға, теория мен практиканы ұштастыруға және зерттеушілік қабілетін жетілдіруге негізделеді. Қазіргі білім беру кеңістігінде дәстүрлі әдістер мен инновациялық технологиялардың үйлесімді қолданылуы — оқыту сапасын арттырудың, студент пен оқушының белсенділігін оятудың және оқытушының кәсіби шеберлігін көрсетудің басты шарты. Жобалық, проблемалық, кейс-стади, интербелсенді және цифрлық платформаларға негізделген әдістер оқыту үдерісін тұлғалық деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оқыту әдістерін таңдауда педагог оқу мақсатына, пән мазмұнына, білім алушының дайындық деңгейіне, оқу форматына және өзінің әдістемелік шеберлігіне сүйенеді. Әдіс, тәсіл және құралдың өзара байланысы — білім беру нәтижесінің сапасын қамтамасыз ететін кешенді жүйе.
Осылайша, оқыту әдістері — тек мазмұнды жеткізу құралы емес, білім алушының танымдық белсенділігін, шығармашылық әлеуетін және тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін педагогикалық ықпалдың өзегі. Бұл бағытта мұғалімнің әдістемелік сауаттылығы мен кәсіби рефлексиясы шешуші рөл атқарады.
Оқыту әдістерінің жіктемесі
Қазіргі кездегі дидактиканың көкейкесті мәселесінің бірі - оқыту әдістерін жіктеу. Бұл мәселе туралы нақты бір жақты көзқарас жоқ, Дәл қазір жіктеудің негізгі тәсілдері бұрынғы кездегі жіктеу бойынша оқыту әдістерін мұғалімнің жұмыс әдісіне (әңгімелеу, түсіндіру, әңгіме) және оқушылардың жұмыс әдісіне (жаттығулар, оздік жұмыс) т.б. бөлген. Оқушының білім алу көздеріне қарай оқыту әдістері былайша жіктеледі:
а) сөздік әдіс (білім негізінде ауызша сөйлесу немесе басылым сөзі жатады);
в)практикалық әдіс (оқушылар практикалық жұмыстарды орындай отырып білім алады, біліктілігі артады). Оқытудың сөздік әдісі - оқыту әдістері жүйесінде жетекші дәлелдеген. Оларды ескірген, "белсенді емес" деп жиі айтып жүр. Сөздік әдіс аз уақытта көлемі жағынан үлкен, көп ақпарат бе-руге мүмкіндік жасайды. Мұғалім сөз арқылы адамзаттың өткені мен келешегі туралы айқын бейнелер арқылы балалардың санасына жеткізеді. Сөз оқушының ойын, есте сақтау қабілетін, сезімін жандандырады.
Сөздік әдістің мынандай түрлері бар: әңгімелеу, түсіндіру, әңгіме. пікірталас, дәріс, оқулықпен жұмыс.
Әңгіме. Әңгіме әдісі оқу материалының мазмұнын ауызша жеткізеді. Бұл әдіс мектептегі оқыту үдерісінің барлық кезеңдерінде қолданылады, тек әңгіме көлемі, сипаты, ұзақтығы жағынан ғана өзгереді.
Түсіндіру. Түсіндіруді оқылатын объектінің, жеке түсініктер мен құбылыстардың маңызды қасиеттерін, заңдылықтарын ұғыну деп түсіну керек. Түсіндіру - бұл баяндаудың монологтік формасы. Түсіндіру көбінесе түрлі ғылымдардың теориялық материалдарын игеруде, химиялық, физикалық, математикалық есептерді, теоремаларды шешуде, табиғат пен қоғам өміріндегі құбылыстардың себептері мен салдарын ашуда қолданылады. Түсіндіру оқытудың әдісі ретінде әр түрлі жастағы балалармен жұмыс істегенде кеңінен қолданылады. Бірақ орта және жоғары мектеп жасындағыларға оқу материалының күрделілігіне және оқушылардың интеллектуалды мүмкіндіктерінің өсуіне байланысты төменгі сынып оқушыларына қарағанда бұл әдісті қолдану анағұрлым тиімдірек.
Хабарлама - әңгіме (эвристикалық әңгіме) оқушыға өзін жаңа білімді игеру үдерісіне енуіне, білімді алу тәсілдерін іздеуіне, мұғалімнің қойған сұрағына өзінің жеке жауаптарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Эвристикалық әңгіме барысында мұғалім білімі мен практикалық тәжірибесіне сүйене отырып, оларды жаңа білімді игеру мен түсінуге, ережелер мен қорытындыларды қалыптастыруға апарады. Оқушылардың осындай біріккен іс-әрекетінің нәтижесінде өзіндік күш жұмсау мен ойлау арқылы жаңа білімді игереді.
Оқу пікірталасы. Қазіргі заманғы мектептердегі оқытудың сөздік әдістерінің ішінде дискуссиялық оқыту ерекше орын алады. Оқыту үдерісіндегі оның ең басты бағыты - оқушыларды нақты немесе басқа да мәселелерді әр түрлі көзқараста белсенді түрде талқылауға тартуда олардың танымдык қызығушылықтарын ынталандыру, бөтеннің және өз бағытының дәлелдеріне әр түрлі көзқарасты ойластыру.
Дәріс
. Дәріс - көлемді материалды баяндаудың монологтік тәсілі, ол әдетте жоғары сыныптарда қолданылып, бүкіл сабақты қамтиды. Дәрістін артықшылығы: оқу материалының логикалық мазмұндалуы, ақпарат ағынының көптігімен, берілетін білімнің жүйелік ерекшелігімен айқындалады.
Кітаппен, оқулықпен жұмыс
. Мектепте кітаппен жұмыс істеу ең маңызды әдіс болып табылады. Бастауыш сыныптарда кітаппен жұмыс істеу сабақта мұғалімнің басшылығымен жүзеге асады. Ал одан әрі қарай оқушылар кітаппен өз еркімен жұмыс істеуге үйренеді. Кітаппен жұмыс істеудің бірнеше түрлері бар. Олардың негізгілеріне мыналар жатады:
- Конспектілеу- оқылғанды қысқаша баяндау, жазу. Конспектілеуді оқушы өзі немесе үшінші біреу атынан орындайды. Конспектілеуді өзі орындау оқушының дербес ойлау қабілетін дамытады:
- Мәтіннің жоспарын құру. Жоспар қарапайым және күрделі болуы мүмкін. Жоспар құру үшін тақырыпты оқығаннан кейін оны әр бөлікке бөлу және ат қою керек;
- Тезистеу - оқығандағы негізгі ойларды қысқаша баяндау;
- Сілтеме жасау - мәтіннен сөзбе-сөз көшіріп алу. Міндетті түрде қайдан алынғандығы туралы деректер көрсетіледі (авторы, шығарманың аты, шыққан орны, баспасы, баспаға шыққан жылы, беті);
- Аннотациялау - оқылған материалдың мағынасын өзгертпей қысқаша баяндалуы;
- Пікір беру - оқығанына өз көзқарасын білдіре отырып, қысқаша пікірін жазу;
- Анықтама құрату - ізденуден кейінгі бір нәрсе туралы мәлімет; Анықтамалар статистикалық, биографиялық, терминологиялық, географиялық және т.б. болады;
- Формалды-логикалық модельдерді құру - оқығанның сөздіксіз барлық - үлгілік көрінісі;
- Тақырыптық тезаурусты құру - бөлім, тақырып бойынша базалық түсініктердің реттелген жиынтығы;
- Идеялардың матрицасын құру - әр түрлі авторлар еңбегіндегі қүбылыстар мен бірыңғай нәрселерге салыстырмалы түрде сипаттама беру. Оқытудың сөздік әдісінің негізгі түрлеріне қысқаша түсініктемелер осындай. Осы жіктеу бойынша оқыту әдісінің екінші тобына көрнекілік әдісі жатады. Көрнекілік әдіс. Оқытудың көрнекілік әдісіне оқу материалын игерудегі көрнекі қүралдар мен техникалық құрал-жабдықтарды пайдалану жатады. Оқытудың көрнекілік әдісін шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: иллюстрации әдісі мен демонстрация әдісі.
Иллюстрация әдісі оқушыларға иллюстративті көрнекіліктерді, плакаттарды, кестелерді, майлы бояу суреттерді, карталарды, тақтадағы суреттемелерді. жалпақ модельдерді және т.б. көрсетуді ұсынады. Демонстрация әдісі әдетте құралдарды, тәжірибелерді, техникалық қондырғыларды, кинофильмдерді, диафильмдерді және тағы басқаларды демонстрациялаумен байланысты.
Жаттығулар. Ол жоспарда ұйымдастырылған бірнеше рет қайталанатын іс-әрекет, білік пен дағдыны игеруде және олардың сапасын көтеру мақсатында орындалатын оқыту әдісі. Жаттығулар барлық пәндерді игеруде және оқу үдерісінің әр түрлі кезеңдерінде қолданылады. Жаттығулардың түрі мен әдісі оқу пәнінің ерекшелігіне, нақты материалға, жауап берілетін сұраққа және оқушыньщ жасына байланысты.
Жаттығулар түрлеріне қарай: ауызша, жазбаша, графикалық және оқу-еңбектік болып бөлінеді. Олардың әрқайсысын орындау барысында оқушылар оймен жұмыс істеу мен практикалық жұмысты атқарады.
Ауызша жаттығулар логикалық ойлауды, есте сақтауды, тіл мәдениетін және оқушылардың зейінін дамытуға көмектеседі.
Жазбаша жаттығулар білімді қорытындылау мен оларды қолдана білуге үйренуге арналады. Оларды қолдану логикалық ойлауға, жазба мәденетіне және өздігінен жұмыс жасай білуге үйретеді. Жазбаша жаттығулар ауызша және графикалық жаттығулармен қатар жүреді.
Графикалық жаттығуларға оқушылардың сұлбалар, сызбалар, кестелер, технологиялық карталар, альбомдар, плакаттар, қабырға газеттерін дайындауы, зертханалық-сарамандық жұмыстарды өткізудегі суреттемелерді тындауы, саяхаттар және т.б. жатады. Оқу-еңбектік жаттығуларга өндірістік-еңбек бағытына ие оқушылардың практикалық жұмыстары жатады. Бұл жаттығулардың мақсатына оқушылардың теориялық білімдерін еңбекте қолдану болып табылады. Мұндай жаттығулар оқушыларды еңбекке баулуға көмектеседі.
Зертханалық жұмыстар - оқушылардың құрал-жабдықтарды және баска да техникалық көрнекіліктерді пайдалана отырып, мұғалімнің тапсырмасы бойынша тәжірибелерді өткізуі, яғни бұл оқушылардың арнайы құралдар арқылы білімді меңгеруі.
Практикалық жұмыстар оқу материалының үлкен бөліктерін игергеннен кейін жүргізіледі және жалпылама қорытушы сипатқа ие болады. Олар тек сыныпта ғана емес, мектептен тыс та жүргізілулері мүмкін (мектеп жанындағы: үлестегі жұмыс, жергілікті жердегі өлшеу жұмыстары).
Оқыту тәсілі және оның дидактикалық мағынасы
Оқыту тәсілі— бұл оқыту әдісінің ішкі элементі, нақты дидактикалық әрекетті жүзеге асыру жолы. Ол оқытушы мен білім алушының оқу үдерісіндегі нақты іс-әрекеттерін сипаттайды. Әдіс — «қалай оқытамыз?» деген сұраққа жауап берсе, тәсіл — «қандай әрекет арқылы?» деген сұраққа жауап береді.
Сырт көзге оқыту тәсілдері бір-бірімен ұқсас, тіпті бірдей тәрізді көрінгенімен де, шын мәнінде, оны дидактикалық міндеттермен байланыста қарастырсақ, онда олардың мүлде ерекше екені байқалады. Тәсілдің дидактикалық мәні — оқу үдерісін нақтылау, мазмұнды меңгертудің тиімді жолын табу. Олар; оқушының танымдық белсенділігін арттырады; оқытушының ақпаратты жеткізу стилін анықтайды; сабақтың мақсаты мен мазмұнына сәйкестендіріледі; жеке, топтық, фронтальды жұмыс формаларымен үйлеседі. Бұл оқыту тәсілдері бастауыш оқытудағы эксперименттік тәсілдердің бір бөлігін құрайды, кіші жастағы мектеп оқушыларын жалпы дамыту бағытын көздейді. Бірқатар авторлардың арнайы жүргізілген зерттеулерінде, саналы бақылау және сөз арқылы саналы орындалатын қимыл-қозғалыс түсініктері қимылды жүзеге асырады (Е.И.Бойко, Е.В.Гурьянов, А.Ц.Пуни, А.В.Пенская, В.В.Суворова, М.А.Черевков және т.б.). Дидактикалық міндет пен оқыту тәсілі міндетті атқару үшін түрлі әдістерді қолданады. Бұл ретте мынадай міндеттерді белгілеп көруге болады: оқушыларды обьектінің сыртқы түрімен және құрылысымен таныстыру; құбылыстар арасындағы байланысты көрнекі обьектілерді бақылау негізі .Тұжырымдай келе, оқыту тәсілі — бұл әдістің нақты әрекетке айналу формасы, оқыту үдерісінің ішкі құрылымын айқындайтын маңызды дидактикалық элемент. Ол оқытушы мен білім алушы арасындағы өзара әрекетті нақтылап, оқу мазмұнын меңгертудің тиімді жолын қамтамасыз етеді. Тәсілдер арқылы әдіс жанданып, сабақтың мақсаты мен мазмұнына сай нақты әрекеттер жүзеге асады. Дидактикалық тұрғыдан алғанда, оқыту тәсілі — білім алушының танымдық белсенділігін арттыру, ойлау қабілетін дамыту және оқу әрекетін дараландырудың құралы. Әр тәсіл оқытушының кәсіби шеберлігін, сабақтың сапасын және білім беру нәтижесін айқындайды. Сондықтан жоғары мектептегі оқытуда тәсілдерді ғылыми негізге, оқу мақсатына және студенттің тұлғалық ерекшеліктеріне сай таңдау — сапалы білім берудің, тиімді дидактиканың және кәсіби педагогиканың басты шарты.
Оқыту әдістерінің, құралдары мен тәсілдерінің өзара байланысыОқыту әдістері, тәсілдері және құралдары — дидактикалық жүйенің өзара байланысты үш тірегі. Әдіс — оқыту бағытын анықтайды, тәсіл — оны нақты әрекетке айналдырады, ал құрал — сол әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл үш компоненттің үйлесімділігі — сабақтың сапасын, білім алушының белсенділігін және оқытушының кәсіби шеберлігін арттырудың негізі. Бұл үштік бір-бірін толықтырады: құрал — тәсілді іске асырады, тәсіл — әдісті нақтылайды, әдіс — сабақтың мазмұнын ұйымдастырады. «Әдіс–тәсіл–құрал» байланысын зерттеген ғалымдар қатарында М.А. Данилов пен Б.П. Есипов кеңестік дидактиканың негізін қалаушылар ретінде ерекше орын алады. Олар оқыту әдістерін жіктеп, олардың құралдармен және тәсілдермен байланысын нақты сипаттады. Ғалымдардың пайымдауынша, әдіс — оқыту мақсатына жетудің жолы, ал тәсіл — сол жолдағы нақты әрекет. М.Н. Скаткин және И.Я. Лернер оқыту әдістерін оқу мазмұнына байланысты жіктеу ұсынды. Олар әдіс, тәсіл және құралдың дидактикалық бірлігін негіздеді. Бұл тұрғыда әдіс — мазмұнды меңгертудің жолы, тәсіл — әрекет формасы, ал құрал — материалдық немесе цифрлық көмекші ретінде қарастырылды. Ю.К. Бабанский оқыту тиімділігінің үш факторы тұжырымдамасын ұсынды: оқыту әдістері, оқыту құралдары және оқыту формалары. Ол әдіс пен тәсілдің психологиялық және педагогикалық негіздерін терең ашып көрсетті. В.В. Давыдов пен Л.В. Занков дамыта оқыту теориясында «әдіс–тәсіл–құрал» байланысын оқушының ойлау әрекетімен ұштастырды. Бұл теорияда әдіс — оқу әрекетін ұйымдастыру формасы, ал тәсіл — сол әрекетті белсенді ететін құрал ретінде сипатталады. Қазақ этнопедагогикасы саласында Қ.Қ. Қожахметова, С. Қалиев және Ә. Табылдиев оқыту әдістерін ұлттық мазмұнмен байланыстыра отырып, құрал мен тәсілдің тәрбиелік маңызын ашты. Олар «әдіс–тәсіл–құрал» үштігін тәрбие мен білімнің бірлігі ретінде қарастырды.
Сонымен, оқыту әдістерінің, құралдары мен тәсілдерінің өзара байланысы — бұл дидактикалық жүйенің ішкі үйлесімділігін қамтамасыз ететін маңызды құрылым. Әдіс — оқытудың жалпы бағытын айқындайды, тәсіл — сол әдісті нақты әрекетке айналдырады, ал құрал — бұл әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ресурс. Бұл үштік бір-бірін толықтырып, сабақтың мазмұны мен мақсатына сай білім алушының танымдық белсенділігін арттыруға, оқытушының кәсіби шеберлігін көрсетуге және оқу нәтижесінің сапасын қамтамасыз етуге бағытталады.
Жоғары мектеп жағдайында бұл байланыс әсіресе маңызды, себебі студенттер дербес ойлау, рефлексия және кәсіби әрекетке дайындық деңгейінде оқытылады. Сондықтан оқытушы әрбір сабақта әдіс, тәсіл және құралды ғылыми негізге, оқу мақсатына және аудитория ерекшелігіне сай үйлестіре білуі — сапалы білім берудің, тиімді дидактиканың және кәсіби педагогиканың басты шарты.
Жоғары мектептегі педагогикалық пәндерді оқытудағы белсенді әдістер
Белсенді оқыту әдістері — бұл білім алушының оқу үдерісіне белсенді қатысуын, дербес ойлауын, пікір алмасуын, шешім қабылдауын және шығармашылық әрекетін көздейтін дидактикалық тәсілдер жиынтығы. Бұл әдістер оқытушы мен студент арасындағы серіктестікке, диалогқа және әрекеттік өзара байланысқа негізделеді. Белсенді оқытуда студент тек тыңдаушы емес, оқу мазмұнын бірлесіп құраушы, талдаушы және бағалаушы рөлін атқарады. Мұндай әдістерге пікірталас, дебат, диалог, тренинг, рөлдік ойын, миға шабуыл, кейс-стади, жоба әдісі, инсерт, кластер, венн диаграммасы және цифрлық платформалар арқылы ұйымдастырылатын интерактивті тапсырмалар жатады. Әр әдіс студенттің танымдық белсенділігін арттыруға, сыни және шығармашылық ойлауын дамытуға, коммуникативтік құзіреттілігін қалыптастыруға бағытталған. Мысалы, пікірталас пен дебат әдістері студенттердің өз көзқарасын дәлелдей білуіне, логикалық ойлауына және қарсы пікірді тыңдай білуіне үйретеді. Диалог пен тренинг — тұлғалық даму мен кәсіби құзіреттілікті қалыптастырудың тиімді құралы. Кейс-стади мен рөлдік ойындар нақты жағдаяттарды талдауға, шешім қабылдауға және тәжірибелік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Ал миға шабуыл мен жоба әдісі — шығармашылық идеяларды ұсынуға, топтық жұмысқа және зерттеушілік қабілетті дамытуға бағытталған. Цифрлық құралдар — Padlet, Mentimeter, Kahoot, Google Forms секілді платформалар — белсенді әдістерді визуалды, интерактивті және қолжетімді форматта жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Белсенді оқыту әдістерінің дидактикалық маңызы — студентті оқу үдерісінің белсенді қатысушысына айналдыру, білімді дайын күйінде қабылдамай, оны әрекет арқылы меңгеруге бағыттау. Бұл әдістер жоғары мектеп жағдайында кәсіби ойлау, рефлексия, шешім қабылдау және топтық жұмыс дағдыларын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Қорытындылай келе, жоғары мектептегі педагогикалық пәндерді оқыту әдістері — болашақ маманның кәсіби қалыптасуына ықпал ететін, білім мазмұнын терең меңгеруге, практикалық дағдыны дамытуға және педагогикалық рефлексияны қалыптастыруға бағытталған маңызды дидактикалық жүйе. Бұл жүйенің тиімділігі — оқыту әдістерінің, тәсілдерінің және құралдарының өзара үйлесімділігіне тікелей байланысты.
Оқыту әдісі - оқу үдерісінің жалпы бағытын айқындайтын дидактикалық жол болса, тәсіл - сол әдісті нақты әрекетке айналдыратын элемент, ал құрал - бұл әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ресурс. Бұл үштік бір-бірін толықтырып, сабақтың мазмұны мен мақсатына сай білім алушының белсенділігін арттыруға, оқытушының кәсіби шеберлігін көрсетуге және оқу нәтижесінің сапасын қамтамасыз етуге бағытталады. Әдістердің жіктемесі - олардың мазмұндық, әрекеттік және басқару ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту формаларын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ал оқыту тәсілдері - дидактикалық әрекетті нақтылап, білім алушының танымдық белсенділігін арттырады. Құралдар - бұл тәсілдерді іске асырудың материалдық және цифрлық негізі.
Белсенді әдістер — қазіргі білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігі. Олар студентті оқу үдерісінің белсенді қатысушысына айналдырып, тұлғалық, әрекеттік және құзіреттілікке бағытталған оқытуды жүзеге асырады. Бұл әдістер оқытушы мен білім алушы арасындағы серіктестік пен диалогты қалыптастырып, оқу мотивациясын арттырады. Сонымен, жоғары мектептегі педагогикалық пәндерді оқытуда әдіс, тәсіл және құралдың үйлесімділігі — сапалы білім берудің, тиімді дидактиканың және кәсіби педагогиканың басты шарты. Оқытушы бұл компоненттерді ғылыми негізге, оқу мақсатына және аудитория ерекшелігіне сай жүйелі түрде қолдана білуі тиіс.
Өзін – өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:Сұрақтар:
- Оқыту әдісі дегеніміз не? Оның негізгі белгілері қандай?
- Оқыту әдістерінің қандай жіктемелері бар? Әр топқа мысал келтіріңіз.
- Оқыту тәсілі мен оқыту әдісінің айырмашылығы неде?
- Оқыту құралдарының түрлерін атаңыз және олардың дидактикалық рөлін сипаттаңыз.
- «Әдіс–тәсіл–құрал» үштігінің өзара байланысы қалай жүзеге асады?
- Интербелсенді оқыту әдістерінің ерекшелігі неде?
- «Ойлан – жұптас – бөліс» әдісінің кезеңдерін сипаттаңыз.
- Жоғары мектеп жағдайында интербелсенді әдістерді қолданудың тиімділігі неде?
- Қандай жағдайда оқытушы әдісті таңдауда тәсіл мен құралды өзгертуі қажет?
- Оқыту әдістерін таңдауда студенттің тұлғалық ерекшеліктерін ескеру не үшін маңызды?
1-тапсырма. Кесте құрастыру: «Оқыту әдісі – тәсілі – құралы» үштігін нақты мысалдармен кесте түрінде көрсетіңіз.
2-тапсырма. Жағдаяттық талдау: «Семинар сабағында студенттер белсенділік танытпай отыр. Қандай интербелсенді әдістерді қолданар едіңіз? Неліктен?» – деген жағдаятқа шешім ұсыныңыз.
3-тапсырма. Шағын эссе: «Белсенді әдістер – болашақ педагогтың кәсіби қалыптасуының құралы» тақырыбында 150–200 сөздік эссе жазыңыз.
4-тапсырма. Презентация жобасы: Таңдаған бір оқыту әдісін сипаттап, оның тәсілдері мен құралдарын көрсететін 5 слайдтық презентация жобасын жасаңыз.
5-тапсырма. Рефлексиялық тапсырма: Соңғы өткізген сабағыңызда қандай әдіс қолдандыңыз? Ол тиімді болды ма? Қандай тәсілдер мен құралдар қолданылды?