ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ОҚЫТУДЫҢ ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ

Еліміздің жоғары мектеп жүйесі Болонья процесінің идеяларын толық қабылдап, өзінің мазмұнын осы үрдіспен байланыстыруы жоғары оқу орындарының жұмысына елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Болонья процесінің басты идеясы – оқу нәтижелерін жоспарлау, яғни мұнда оқу нәтижелері жоғары мектептің негізгі қызметі (функциясы) болып танылады  Осыған сәйкес оқу нәтижелерін құрастыру - әр ЖОО-ның, оның ішінде әрбір оқытушының, әр пәннің міндеті болып танылуда. Егерде бұрынырақта жоғары оқу орындары оқудың мазмұнын құрастыруға ден қойған болса (студенттің «не оқу» немесе «не білу» керектігін көрсететін бағдарламалар, оқу жоспарлары), енді кредиттік оқу жүйесі жағдайында олар оқыту (оқытушы әдістемесі), оқу (студенттердің өздігімен үйренуі) және бағалау арқылы студенттердің «не білетіндігін», яғни олардың оқу нәтижелерін анықтауы қажет. Бұрынғы тар мағынадағы «біліктілік» термині енді «құзырлылық» ұғымымен алмастырылған. Ал бұл дегеніңіз студенттің кең ауқымды контекст аумағында (рухани-моральдік, философиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, т.б) оқып-үйреніп, өмірдің көлденең тартқан қандай да болмасын проблемаларын шешуге құзырлы болуы керек дегенді білдіреді. Мәселе «өмір бойы азық боларлықтай білім беру» идеясының енді «өмір бойы өздігімен үйрену» ұстанымына өзгеруінде болып отыр. Басқаша сөзбен айтқанда, бүгінгі күні білім беру жүйесінде мәселені тіпті келесідей төтесінен қоюға болады: «Үйрену мен үйрету тек өзара белсенді әрекеттерге негізделген қарым-қатынас арқылы жүзеге асырылады» және «Тек әрекеттесу арқылы ғана үйренуге/үйретуге болады». Міне, осы себептерге байланысты жоғары мектепте оқу процесінің негізін интербелсенді (интерактивті) әдістемелер құрауы керек, әрбір оқытушы интербелсенді құралдар мен тәсілдерді өзінің әдістемесінің төрінен көруі қажет. Сонымен:
Интербелсенді оқу/оқыту дегеніміз не?
Ағылшын тілінен келген «interactіv» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» - «әрекет жасау» дегенді білдіреді, яғни интербелсенді әдістер - үйренуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқу/оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер. Басқаша айтқанда, «интербелсенді» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру.
«Интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқу/оқыту, диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші - үйренуші», «үйренуші - үйренуші», «үйренуші - өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттер»).
Интербелсенді әдістердің түрлері:Бүгінде интербелсенді оқу/оқыту әдістерін жіктеудің көптеген варианттары бар. Бұл жіктеулер интербелсенді әдістерді әртүрлі тұрғыдан түрлендіреді: мазмұндық, қолдану тұрғысынан, технологиялық сипаттары бойынша, т.б. Біз интербелсенді әдістерді түрге бөлудің негізіне М.Новиктің жіктеуін жатқыздық.

Оқытудың интербелсенді әдістерінің жіктелуі (М.Новик бойынша)

Сол себепті де интербелсенді оқу/оқыту үйренушілердің оқу процесіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интербелсенді оқу/оқыту оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады.

Интербелсенді оқуды ұйымдастыру ережелері


Бірінші ереже. Аудиторияны жұмысқа дайындау.
Тиімді жұмыс жасау үшін аудиторияда (сынып бөлмесінде, кабинетте) компьютер, LCD- проектор, тақта (оған қоса жылжымалы тақта да болса тіпті жақсы) немесе интербелсенді тақта, қол астында бор, флип-чарттар (плакаттар), маркерлер, А-4 форматындағы қағаз болғаны дұрыс. Аудитория үйренушілердің еркін түрде жұмыс жасауына қолайлы болуы керек. Мәселен, әр сабақта үйренушілер шағын топтар құрамын бірнеше рет өзгертуі ықтимал, сол себепті де парталар мен үстелдер олардың емін-еркін қозғалуына кедергі болмауы қажет. 
Әдетте аудиторияда студенттер партаға екеуден отырып, жүздерін оқытушы жаққа беріп отырады. Бұлай отыру олардың бір-бірімен қоян-қолтық араласып, тиімді қарым-қатынас жүргізуіне жәрдемдеспейді: алда немесе арт жақта отырғанмен қалайша әңгімелесуге болады? Отырғанда студенттер бір-бірінің жүздерін көргені дұрыс, өйткені олардың әңгімелесетін, қандай да болмасын мәселені талқылайтын серіктері өз жолдастары болады.
Парталарды қоюдың да көптеген тәсілдері бар. Ең бастысы үйренушілердің бәрі де бір мезгілде сабақ жүргізушіні көре отырып, топ ішіндегі жұмысқа белсене араласуға мүмкіндік алуы керек.

Сабақта парталарды қою үлгілері

Екінші ереже. Топқа бөлу.
Әр сабақта (әсіресе семинар және практикалық сабақтарда) студенттерді шағын топтарға бөліп, сол арқылы олардың бірлесе жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасау керек. Үйренушілерді шағын топтарға 4−6 адамнан бөлген тиімді, олар партаны жағалай бір-біріне бет қаратып отырады.
Топқа бөлу әдетте кездейсоқ түрде жасалынады. Алайда семестр бойы бір студент жолдастарының әрқайсысымен семестр бойы топ құрамында жұмыс жасап шығуы керек. Мұндағы басты мақсат — үйренушілердің бір-бірімен тиімді қарым-қатынас құрып, ортақ тіл таба білуіне ықпал жасау. Топқа бөлуді әрекетке негіздеп, қызықты қылып өткізген жөн (топқа бөлу тәсілдері төменде беріледі).
Үшінші ереже. Мақсаттарды және күтілетін нәтижелерді айқындау.
Әр сабақтың басында бүгін қарастырылатын тақырып бойынша ұстаз өз тұрғысынан сабақтың мақсаттарын айқындап, үйренушілерден қандай білім, білік, дағды, әрекеттер күтетіндігін жеткізеді. Сонан соң үйренушілердің өздерінен сабақтан нендей нәтиже күтетіндерін құрастыруды талап еткен орынды. Бұл әрекет әр үйренушіде өзінің сабаққа тікелей қатысы бар екендігі туралы ойды нақтылап, оларды «Сабақта мен қандай білім ала аламын? Ол үшін мен қандай жұмыс пен әрекеттер атқаруым керек? Бұл білім маған қандай пайда бермек?» деген сұрақтар төңірегінде ой-толғаныс жасауға шақырады.
Төртінші ереже. Жұмыс ережелерін қабылдау.
Сабақ басында жұмыс ережелерін қабылдап (силлабуста келтірілгендерден басқа), оларды әрі қарай қатаң ұстану үйренушілерді тәртіпке шақырып, тиімді әрі үнемді түрде жұмыс жасауға қолайлы. Ол үшін әрбір шағын топ бұл мәселені 1−2 минут талқылап алғаннан кейін, олардың ұсыныстарын көлемді параққа (флип-чарт, плакат) түрлі-түсті маркерлермен жазып, аудиторияның көрнекті жеріне іліп қоюға болады. Ұстаз тарапынан емей, өздері құрастырып қабылдаған ережелерді үйренушілер мейлінше қадағалауға тырысады.
Ережелер сан-алуан болуы мүмкін, мәселен, жұмыс регламенты, реті мен тәртібін анықтайтын, алайда олардың дені бірлескен жұмыста силасымды қарым-қатынас құруға бағытталғаны жөн. Мәселен:
        - Біреу сөйлегенде, оның сөзін бөлмейік!
        - Тұлғаның жеке басын сынамай, көзқарас пен пікірді сынайық!
        - Сабаққа кешікпейік!
        - Қысқа да нұсқа сөйлейік!
        - Уақытты үнемді әрі тиімді пайдаланайық!
        - Берілген тақырыптан ауытқымайық!
        - Біз үшін әрбір пікір құнды!
        - Жекелей жұмыс жасағанда, бір-бірімізге бөгет жасамайық!
        - Тыңдай білейік!
        - Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайық!
    Бесінші ереже. Сенім және жұмыс атмосферасын қалыптастыру.
     Үйренушілерді психологиялық тұрғыдан интербелсенді оқуға дайындау қажет.  Әдеттесабаққа келгендердің бәрі дерлік оқуға белсене араласып кетуге дайын емес, өйткені олардың өздерін ыңғайсыз әрі дискомфортты сезінуі мүмкін. Мұның себептері де баршылық:
        - өзіне көтеріңкі жауапкершілік жүктеуі және содан қаймығу, жүрексіну,
        - оң нәтиженің шығуына күмәндану,
        - жазалаудан немесе күлкі/мазаққа жығылудан қаймығу,
        - еріншектік пен шаршағандық (мәселен, бірінші сабақта ұйқысын аша алмау, немесе соңғы сабақта шаршау),
        - назарын жинақтай алмау (мәселен, үзіліс кезіндегі оқиғалардың немесе алдыңғы сабақтың әсерінде болу).
        Үйренушілердің сабақ барысында барлық шарттылықтардан арылып, ойлау аппаратын белсенділендіріп, жұмысқа толық ниеттеліп, қызу кірісіп кетуін бірінші мезетте ойсергектер арқылы жүзеге асыруға болады. Ойсергектер арқылы аудиториядағы үйренушілер өздерін жеңіл сезінеді, ашылады, әрқайсысы біртұтас ұжымның өкілі ретінде алда күтіп тұрған бірлескен күрделі жұмысты атқаруға дайындалады (Ойсергектердің үлгілері төменде беріледі).
        Алтыншы ереже. Барлық үйренушілер жұмысқа қатынасады.
       Интербелсенді әдіс аумағында өтетін сабақ мақсаттарының бірі бірлесе жұмыс жасау болғандықтан, әр қатысушының жұмысқа белсене қатысқандығы абзал. Үйренушілердің білім игеру жұмысының, оның ішінде әсіресе бірлескен жұмыс әрекеттерінің қызықты әрі тартымды екендігіне көздерін жеткізгені дұрыс. Сол себепті де сабақтың басты тәсілі ретінде топтық жұмыстарды тану керек.
       Жетінші ереже. Тыңдай білу: барлық пікірлер тыңдалады.
      Суырылып алға шығып сөйлегеннен гөрі, тыңдай білген қиын шығар. Топтық талқылау кезінде барлық үйренушілердің өз пікірін келтіріп, басқалардың оны мұқият тыңдап, оның пікірін силап, санасатын жағдай жасап отыру қажет. Мұндайда барлық қатысушылардың пікірі тыңдалуы керек. Топтық бірлескен жұмыстан соң (талқылау, пікірлесу, ой қозғау, тапсырманы бірлесе орындау, т.б.) әр топқа өз пікірі мен көзқарасын жариялау мүмкіндігін беру керек. Ол үшін топ атынан бір үйренуші (оны «сөйлеуші», «шешен», «спикер», «капитан» деп атауға болады) берілген уақыт ішінде өз ойлары мен ұйғарымдарын ортаға салады.
         Сегізінші ереже. Жазбаша жұмыстар.
       Үйренудің басты мақсаты — тұлғаның дамуы, оның ішінде әсіресе ойлау қабілеті мен шығармашылық дағдылардың өркендеуі. Ал жазу (жазба жұмыстары) — ойлаудың шырқау биігі. Жазуда үйренуші сонымен қатар «Мен» тұрғысынан өзінің ішкі жан дүниесін ашып, оны асқақтата түседі. Сол себепті де әр сабақта жазу жұмыстарын жиі қолданып отырған орынды. Ал үйренушінің бүгінгі сабақта нендей және қандай дәрежеде білім алғанын, оның өсуі мен дамуын, яғни оның білімін бағалауды тек жазбаша жұмыстарды орындауынан ғана объективті түрде білуге болады. Жазу жұмыстары — студент білімін бағалаудың дәлелді нысаны.
     Тоғызыншы ереже. Кері байланыс.
      Кері байланыс дегеніміз сабақтың мазмұны немесе әдіс-тәсілдері, оның тиімділігі мен қандай дәрежеде өткендігі туралы үйренушілердің ой-пікірлері мен эмоциялары, олардың болашақтағы (келесі сабақтардағы) өз мұқтаждарын келтіруі. Бұл пікірлер оқытушыға өткізген сабағына баға беріп, оның ұтымды жақтары мен кем-кетіктерін анықтап, өз жұмысына өзгерістер енгізу мүмкіндігін береді.
      Үйренушілер «Сабақ қалай өтті: қызық болды ма?», «Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?», «Бүгін не нәрсеге үйрендіңіз (білдіңіз)?», «Бүгінгі үйренгеніңіз Сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?», «Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді (қандай ақпарат көздерін оқисыз)?», «Қандай сұрақтарыңыз бар?», «Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз/ұсыныстарыңыз бар?», «Келесі сабақта қандай мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?» деген сұрақтарды ауызша талқылағаннан кейін, оларға жазбаша жауап берумен жалғастыруы мүмкін. Жауаптарды, мәселен, «Шығу парақтары» тәсілі бойынша беруге болады. Әдетте жауаптар анонимді түрде беріледі.
        "Шығу парақтарында" студенттердің сабақ бойынша келесідей сауалдарға жауап бергені орынды:
·      Білдім (Білдім және түсіндім)
·      Білгім келеді
·      Ұнады
·      Ұнамады
·      Сұрақтарым
— өзіме
— оқытушыға
— басқа студенттерге
·      Пікірім
·      Тілектерім
— өзіме
— басқа студенттерге
— оқытушыға
·      Өз жұмысыма деген көзқарас
— Мен қалайша жұмыс жасадым?
— Өз жұмысыма көңілім тола ма?
        Бұл жерде әр «Шығу парақтарында» үш сұрақ/сауалдан аспағандығы орынды екендігін естен шығармау керек. Үйренушілердің пікірлері мен қойған сұрақтары оқытушы тарапынан ескеріліп, келесі сабақты соларға жауап берумен бастау мүмкіншілігін береді. Кері байланыс ұстаз бен студенттердің арасында сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға бағытталады. Сонымен қатар ол өткен сабақты бағалау мен талдаудың, келесі сабақты жоспарлаудың тиімді түрі болып табылады.

Интербелсенді дәрістердің түрлері
Интербелсенді дәріс — бұл оқытушы мен білім алушы арасындағы белсенді өзара әрекетке негізделген, диалогтық және әрекеттік форматта ұйымдастырылатын дәріс. Мұндай дәрістер студенттің танымдық белсенділігін арттырып, оқу үдерісін серіктестікке, пікір алмасуға және тәжірибелік әрекетке негіздейді.
          Негізгі түрлері:
•         Диалогтық дәріс — сұрақ-жауап, пікір алмасу арқылы ұйымдастырылады
•         Пікірталас дәрісі - қарама-қарсы көзқарастарды талдау, дәлелдеу
•         Дебат дәрісі - формалды пікірсайыс құрылымында өткізіледі
•         Тренинг элементтерімен дәріс — теория мен тәжірибені біріктіретін белсенді жұмыс
•         Кейс-талдау дәрісі - нақты жағдаяттарды шешуге бағытталған
•         Цифрлық платформалар арқылы дәріс — Padlet, Mentimeter, Kahoot секілді құралдармен ұйымдастырылады
          Бұл дәріс түрлері студентті оқу мазмұнын терең меңгеруге, кәсіби ойлауға, шешім қабылдауға және рефлексия жасауға бағыттайды. Оқытушының рөлі — бағыттаушы, ал студент — белсенді әрекет етуші.
Ойымызды тұжырымдасақ, интербелсенді дәрістер — жоғары мектептегі оқытудың заманауи, тұлғалық-бағытталған формасы ретінде білім алушыны оқу үдерісінің белсенді қатысушысына айналдырады. Мұндай дәрістер студенттің танымдық белсенділігін арттырып, оқу мазмұнын терең меңгеруге, кәсіби ойлау мен рефлексияны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір интербелсенді дәріс түрі — диалог, пікірталас, тренинг, кейс-талдау немесе цифрлық интерактив — оқытушының фасилитаторлық рөлін күшейтіп, білім беруді серіктестік пен әрекетке негізделген ортаға айналдырады. Сондықтан бұл формат болашақ маманның құзіреттілігін қалыптастырудың, оқу мотивациясын арттырудың және сапалы педагогикалық тәжірибе жинақтаудың тиімді құралы ретінде қарастырылады.
          Дәстүрлі оқыту мен интербелсенді оқытудың айырмашылықтары
          1. Оқыту үдерісінің бағыты
• Дәстүрлі оқыту — оқытушы орталықты, білімді дайын күйінде ұсыну
• Интербелсенді оқыту — білім алушы орталықты, әрекет арқылы меңгеру
          2. Қатынас формасы
• Дәстүрлі - монолог (оқытушы сөйлейді, студент тыңдайды)
• Интербелсенді - диалог (пікір алмасу, сұрақ-жауап, серіктестік)
          3. Мақсатқа жету тәсілі
• Дәстүрлі - репродуктивті (есте сақтау, қайталау)
• Интербелсенді - конструктивті (талдау, бағалау, жасау)
          4. Студент рөлі
• Дәстүрлі - пассив қабылдаушы
• Интербелсенді - белсенді әрекет етуші, шешім қабылдаушы
          5. Қолданылатын әдістер мен құралдар
• Дәстүрлі - лекция, түсіндіру, оқулық
• Интербелсенді - пікірталас, тренинг, кейс, цифрлық платформалар
          6. Нәтиже мен рефлексия
• Дәстүрлі - білімді меңгеру деңгейі бағаланады
• Интербелсенді - біліммен қатар ойлау, әрекет, рефлексия бағаланады.
          Дәстүрлі оқыту — білімді жеткізуге бағытталған, ал интербелсенді оқыту білімді әрекет арқылы меңгеруге негізделген. Интербелсенді әдістер студенттің белсенділігін арттырып, кәсіби ойлау мен құзіреттілікті қалыптастыруға жол ашады. Сондықтан қазіргі жоғары білім беру жүйесінде интербелсенді оқыту — сапалы, нәтижелі және тұлғалық-бағытталған педагогиканың негізі болып табылады.
          Тұжырымдайтын болсақ, жоғары оқу орындарында интербелсенді оқыту әдістерін қолдану — білім алушыны оқу үдерісінің белсенді қатысушысына айналдыратын, тұлғалық-бағытталған және әрекеттік оқытудың тиімді формасы. Интербелсенді оқыту диалогқа, пікір алмасуға, тәжірибелік әрекетке және серіктестікке негізделген педагогикалық модель ретінде танымдық белсенділікті арттыруға бағытталады. Оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін интербелсенді әдістерді қолданудың нақты ережелері мен құрылымдық түрлерін ескеру қажет. Диалогтық, пікірталас, тренингтік, кейс-талдау және цифрлық интерактивті дәрістер студенттің кәсіби ойлауын, рефлексиясын және оқу мотивациясын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дәстүрлі оқыту мен интербелсенді оқытудың басты айырмашылығы — білімді жеткізу мен меңгеру тәсілінде. Дәстүрлі оқытуда оқытушы жетекші рөл атқарса, интербелсенді оқытуда студент — таным субъектісі, ал оқытушы — бағыттаушы, фасилитатор ретінде әрекет етеді. Сонымен, интербелсенді оқыту әдістері — болашақ маманның құзіреттілігін қалыптастырудың, оқу мотивациясын арттырудың және сапалы педагогикалық тәжірибе жинақтаудың заманауи, нәтижелі құралы. Бұл әдістерді жүйелі, мақсатты және аудитория ерекшелігіне сай қолдану — жоғары білім берудің сапасын арттырудың негізі болып табылады.

          Өзін — өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:

Сұрақтар

1.Интербелсенді оқыту дегеніміз не? Оның негізгі белгілерін атаңыз.
2. Интербелсенді оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы неде?
3. Интербелсенді дәрістердің қандай түрлерін білесіз? Әрқайсысына қысқаша сипаттама беріңіз.
4. Интербелсенді оқытуды ұйымдастыруда қандай ережелерді сақтау қажет?
5. Оқытушының фасилитатор рөлі дегеніміз не?
6. Интербелсенді әдістер студенттің қандай құзіреттіліктерін дамытады?
7. Диалогтық дәріс пен пікірталас дәрісінің ерекшеліктерін салыстырыңыз.
8.Цифрлық платформаларды интербелсенді оқытуда қолданудың артықшылықтары қандай?
9. Кейс-талдау әдісінің педагогикалық маңызы неде?
10. Интербелсенді оқыту әдістерін қолдану барысында қандай қиындықтар туындауы мүмкін?

1-тапсырма. Шағын эссе жазыңыз: «Интербелсенді оқыту — болашақ педагогтың кәсіби қалыптасуының негізі» тақырыбында 150−200 сөздік эссе құрастырыңыз.

2-тапсырма.Жағдаяттық талдау: «Сабақ барысында студенттер белсенділік танытпай отыр. Қандай интербелсенді әдістерді қолданар едіңіз? Неліктен?" — деген жағдаятқа шешім ұсыныңыз.

3-тапсырма. Кесте құрастыру: Интербелсенді дәріс түрлерін, олардың ерекшеліктерін және қолдану мысалдарын кесте түрінде жүйелеңіз.

4-тапсырма. Презентация жобасы: Таңдаған бір интербелсенді әдіс бойынша 5 слайдтық шағын презентация жоспарын жасаңыз.

5-тапсырма. Рефлексиялық тапсырма: Соңғы өткізген сабағыңызда қандай оқыту әдісін қолдандыңыз? Ол тиімді болды ма? Қандай тәсілдер мен құралдар пайдаланылды?
Made on
Tilda